Аудиосказки

  • audioandfilm/439035_1434953222.mp3

    Не дәмді?

    Бір күні қорада тұрған жануарлар қандай тағам дәмді дегенге таласып қалыпты. Әрқайсысы өздері жақсы көретін тағамдарын дәріптепті.


    Байлаудағы ала сиыр өкірештей жөнеліпті:

     -Шіркін, пішен мен таза жемге не жетсін! Солардан дәмді бұл дүниеде бірде-бір тамақ болуы мүмкін емес!

    Бұған келіспейтінін танытқан қой мекірене маңырайды:

    -    Иә, жем   мен  пішен  жақсы-ақ.   Бірақ  желпілдеген  көк майса болса, одан да жақсы ғой!


    Бұларға жылқы өз дауын айтады:

    - Арпа  мен  сұлы  дәмді  емес  пе? Күтір-күтір шайнасаң, оның балдай дәмі таңдайыңнан кетпейді.

    – Жоқ, сендер таба алмадыңдар. Сүт пен еттен дәмді ештеңе жоқ. Босқа таласпаңдар, – дейді мысық.

    Мұны естігенде иттің ызасы қозып, орнынан атып тұрады.

    - Сен босқа көкіме, – дейді мысыққа жекіріп. – Ненің дәмді екенін  мен  айтайын:   сүйек  дегенді  естіп   пе  едіңдер?   Кемігі көп сүйектен дәмді ештеңе жоқ!..


    Сонда әңгімеге түйе қосылды:

    – Сендер  босқа   дауласып   тұрсыңдар.   Даланы   менен   көп шарлайтын ешқайсың жоқсың. Шөл далада бір түп темір тікен ұшыраса кетсе бар ғой, соны күтірлете шайнасаң, содан дәмді ештеңе жоқ!

    Бірақ олар бір-бірінің айтқанына иланбай, әлі күнге дейін қалаған шөбін дәріптеп келе жатқан көрінеді.

  • audioandfilm/631781_1434953290.mp3

    Ақылды етікші

    Бұрынғы өткен заманда бір патша болған екен. Оның әрбір тәртібін халқы еш тоқтаусыз уақытымен орындап тұрады екен. Бір күні бұл патша: «Менің әрқашан халық пайдасына еткен әмірім орнына нақпа-нақ келіп тұрады және халқым да мені жақсы көреді. Сондықтан да мен олардың пайдасын ойлаймын. Енді мен осы халқыма зиянды бір әмір таратайын. Халқым тыңдап, орнына келтірер ме екен? Жоқ, келтірмес пе екен?» – деп ойлап, уәзірлеріне:

    – Халыққа тегіс хабарландырыңдар. Ешкім басына пайда қылмасын! – деп, әмір қылады.

    – Бұдан соң уәзірлер бұл әмірді халыққа естіртіп болып, патшаға:

    – Халқыңыз әміріңізді нақпа-нақ айтқаныңыздай орнына келтіретін болды, – дейді.

    – Патша уәзірлеріне еш жауап айтпайды. Түн болған соң үстіне бөтен, ескі киім киіп, әмірінің қалай орындалғанын көру үшін көшеде жүрсе, шеттегі бір үйде шам жанып тұр екен. Патша қайыр сұраған кісі болып, шам жанып тұрған үйге келсе, үйдің ішінде бір етікші етік тігіп отыр екен. Етікші қайыршыны көріп тұра келіп, бір кішкене нан береді. Сонда қайыршы:

    – Сен патшаның әмірін тұтпаған не қылған адамсың? «Ешкім басына пайда қылмасын және шам да жақпасын дегені қайда?» – дейді.


    Сонда етікші:

    – Сенің онда не жұмысың бар? Сондай әмір қылып отырған патша да ақымақ, себебі, мен жарлы адаммын, күнде төрт теңге пайда қыламын да, төрт теңге зиян қыламын. Міне, мен сонымен күн көріп отырмын. Патша ақылды болса, осыны білер еді, – дейді.

    Патша бұған жауап қайтармастан үйіне келеді де, ақылды төрт уәзірін шақырып алып:

    – Сіздерді басқалардан ақылы көп деп, өзіме уәзір қылып едім. Енді мен сіздерден сұрайтын сауалым бар: күніне төрт сом пайда да, төрт сом зиян да қыламын. Сол пайдам мен зияным не? Үш күн ішінде соны табыңдар. Таба алмасаңдар, бастарыңды аламын! Өздерің таппасаңдар да табатын кісі тапсаңдар, жазадан құтыласыңдар! – депті.

    Уәзірлер үш күннің ішінде өздері де және табатын кісі де таба алмаған соң, енді патшаға көрінбей, қашпақшы болып жүргенде, баяғы етікші уәзірлерге келіп:  

    – Мен патшаның сұраған сауалын тапсам, сіздер маған не берер едіңіздер? – дейді.

    Уәзірлер төрт мың ділдә бермекші болады. Етікші уәзірлерден төрт мың ділдәні санап алып, олармен патшаға барады да:

    – Тақсыр, мен етік тігіп, әр күні төрт сом пайда қылам, төрт сом зиян да қылам. Ол былай: бір сомды қарызға беремін, бір сомды ескі қарызыма берем, бір сомды құдыққа тастаймын, бір сомды әйелім мен екеуімізге жұмсаймыз, – депті.


    Сонда патша:

    – Әйелің мен екеуіңе жұмсалған ақшаға бәріміз де түсінеміз, қалған үш сомның жұмсалған орнын анықтап түсіндірші, – дейді.

    Бұл сөзге етікші былай деп жауап қайтарыпты.

    – «Бір сомды қарызға беремін», – дегенім: Тақсыр, қартайғанда өзімді асырар, – деп балама беремін. «Бір сомды ескі қарызыма беремін», – дегенім: өзімді жасымда асыраған кәрі әкем мен шешеме беремін. «Енді бір сомды құдыққа тастаймын», – дегенім: күйеуіне тұрмай қайтып келіп отырған қызым бар, соған беремін дегенім, – депті.


    Сонда патша: «Бұл етікші ақылды адам екен», – деп, өзіне уәзір қылған екен. 

  • audioandfilm/408215_1434953340.mp3

    Сүлеймен патша мен байғыз

    Жер бетіндегі адам баласы мен аң-құсты түгел билеген Сүлеймен деген патша әйелін өте жақсы көреді екен. Не қаласа, бәрін орындай беріпті.


    Бір күні еріккен әйел Сүлеймен патшаға былай депті:

    — Маған тек қана құстың сүйегінен сарай салдырып бер!

    Патша шабарманы қаршығаны шақырып алады да, Құс атаулыны түгел жинап келуге бұйырыпты. Патша әйелінің сөзін дуал үстінде отырған байғыз естіп қойыпты. Қаршыға ой мен қырды шарлап, құстарды тегіс жинапты.

    Сүлеймен патша сыртқа шығып, алдына келген құстарды түстеп, түгендей бастайды да, жұдырықтай байғыздың жоқ екенін біліпті. Патша қаһарланып:

    — Байғыз қайда?— деп сұрапты. Қаршыға оның келмей қалған себебін ай тыпты:

    — Біраз шаруам бар еді,— деді.

    — Тірі болса — өзін, өліп қалса — өлігін алып кел! — деп Сүлеймен патша қаршығаны қайта жұмсапты.

    Қаршыға зулап отырып, байғызға жетіпті. Келе сала патшаның әмірін жеткізіпті. Сонда байғыз:

    — Жұмысым әлі біткен жоқ. Жұдырықтай мені патша қайтеді? Неге шақыртады, несіне керекпін?— депті қаршығаға.

    Патшаның бұйрығын орындамай қайтпайтын қаршыға күш көрсетіп:

    — Егер өз ықтиярыңмен жүрмесең, зорлап алып кетемін, —

    депті. Басқа амалы құрыған байғыз еріксіз көніп, қаршығаның соңынан ілесіпті. Алдына келген соң Сүлеймен патша ашуланып:

    — Бір шақырғаннан неге келмедің? — деп сұрапты.

    — Үйде жатып ой ойладым, тақсыр, — деп жауап беріпті

    байғыз.


    Оның не ойлағанын білгісі келген патша тәптіштей түсіпті:

    — Иә, не ойладың сонда?

    — О, патшам, дүниеде өлі көп пе, тірі көп пе? Соны есептедім,— депті байғыз.


    Сүлеймен патша таңданып қалыпты:

    — Иә, қайсысы көп екен?

    —Қанша есептесем де өлінің біреуі артық бола береді,— депті байғыз.

    Дүниенің есеп-қисабы қолында тұрған Сүлеймен патша бұған келіспей дау айтыпты:

    — Олай емес, тірінің біреуі артық. Сен қалай есептедің?

    — Тақсыр,— депті байғыз бас иіп, — мен түске дейін ұйықтап жататындарды да, ояу болса да қалғып жүретіндерді де өліге қостым. Өйткені олар ештеңені де бітірмейді, ештеңені де ойламайды ғой.


    Сонда Сүлеймен патша:

    — Бұл қулықпен құтылмайсың. Мұны сенсіз де білеміз. Егер өзіңді ақтайтын дәлелің болмаса, қаршығаға мойныңды үздіремін!— деп қаһарланады.


    Зәресі ұшқан байғыз:

    — Дат, патшам!— депті сауға сұрап. Патша ырық береді:

    — Айт датыңды!

    — Бұдан басқа да есеп-қисабым бар еді.

    — Ол қандай есеп тағы?

    — Дүниеде еркек көп пе, ұрғашы көп пе деп, соларды да есептедім. Сонда ұрғашының біреуі артық шықты.

    — Бұл да мәлім жай. Әйелден еркектің біреуі артық екені маған да белгілі. Сен әйелдің біреуі артық дегенде қалай есептедің?— деп сұрапты патша.

    — Тақсыр, мен еріккен әйелдің тіліне еріп, ермегіне елігіп, өзі ойланып іс істемеген еркекті де әйел қатарына қостым,— депті байғыз.


    Сонда Сүлеймен патша ойланып отырып қалады да, былай деп бұйырады:

    — Байғыз рас айтады. Ойыңды ұқтым. Мен еріккен әйелдің ермегіне айналған екенмін. Соған бола кінәсіз құстарды қырып, оның сүйегінен сарай салдырмақ болып ем. Оным орны толмас ағаттық екен. Құстың сүйегі сарай салуға шыдай ма, оны да ойға салмаппын. Не істесең де ойға салғаның дұрыс екенін ұмытыппын.

    — Ойлан, тақсыр, ойлан!— депті байғыз. Сонда Сүлеймен патша қаршығаға мойын бұрып, былай бұйырыпты:

    —Құстардың бәрін босатып қоя бер. Оларға ұқтыр, байғызға алғыс айтсын. Ол өз басын ажалға тігіп тұрып, құстарды қорғап қалды. Барлық құстарды қырғыннан құтқарды.

    Сөйтіп, құстар ажалдан аман қалыпты. Содан бері құс атаулы байғызды қастерлеп жүреді екен. Осы оқиғаны құстар ұмытпасын деп, байғыз түн ішінде ызыңдап, ұйқы көрмейді екен.

  • audioandfilm/940643_1434953385.mp3

    Бақаның көшуі

    Екі қаз және бір бақа бір көл жағасын мекендеп, ұзақ уақыт көрші отырыпты. Олар бір семья адамдарындай өте тату-тәтті өткен екен. Кейінгі кездерде, қатты қуаңшылық болып көл тартылып, суы кеуіп қалыпты. Қаздар суы бар жерге ұшып кетейік десе, бақаны тастап кетуге қимайды екен.

    – Енді қайтеміз? – деп қаздар мен бақа бас қосып, кеңес құрыпты.

    – Бір таяқ табайық, екеуің оның екі ұшынан тістеңдер, мен ортасынан тістейін, сөйтіп суы бар жерге кетейік, – депті  ары-бері айналған бақа.

      Қаздар бұған мақұл болады әрі дереу іске кіріседі. Сөйтіп, бұлар аспан кеңістігіне шарықтай көтеріледі.

      Алғаш бірнеше киіз үйдің төбесінен өткенде, бұларды кейбіреулердің көзі шалады.

      Олар:

    – Қаздар бақаны алып ұшып барады, әдісқойларын-ай, – деп дабырласады. «Менің тапқырлығым екенін білмеді-ау», – деп ойлайды бақа.

    Ұша-ұша бұлар тағы да көп киіз үйдің төбесінен өтеді, қалың адамдар сыртқа шығып бұларды тамашалайды. Олар да:

    – Қаздар бақаны алып ұшып барады, әдісін тапқан – ақ екен, – деп дуылдасады. Бақа:

    –  «Бұл – менің тапқан әдісім», – деп айғайлап жібере жаздайды. Бұлар алға қарай ұшып отырады, сонан бағанағыдан да көп киіз үйлердің үстіне келеді, бағанағыдан да қалың адам бұларды тамашалайды.

    –  Қаздар бақаны алып ұшып барады, неткен әдісқой, – деп шулайды олар. Бақа шыдай алмай кетіп:

    –  Бұл менің ойлап тапқан әдісім! – деп айғайлап жібереді. Осы тұста таяқ аузынан шығып кетіп, бақа жерге «былш» ете түсіп мылжа-мылжасы шығады.

  • audioandfilm/804019_1434953453.mp3

    Қарлығаш пен шөже торғай

    Бір мәуелі бақта биік кәрі қарағай өсіп тұрыпты. Көктемде оның басына қарлығаш пен шөже торғай ұя салып, балапан шығарыпты.

    Шөже торғай балапанына қурай басын сындыртпай, ерке тотай қылып өсіріпті. Балапан тентек, ойынды ғана біледі екен. Қарны ашса, шешесіне келіп, аузын ашады, анасы тапқан-таянғанын балапанына береді.


    Ал қарлығаштың балапаны елгезек, еңбекқор болып өсіпті.


    Уақыт зымырап өте береді. Күз түседі. Екі балапан да ержетеді. Енді олар өз беттерімен күн көріске кіріседі. Қанаты қатайған соң, қарлығаштың балапаны жол қиыншылығынан қорықпай, жылы жаққа ұшып кетеді.


    Шөже торғайдың балапаны жерден теріп жейтін дәнге сеніп, бақта қалады. Қыс түседі. Жерді қар басады. Не азығы, не бас сұғар панасы жоқ шөже торғай әбден ашығады. Ақыры үскірік аяз соғып, ештеңеге ебі жоқ, тоғышар балапанды бүрістіріп тастайды.


    Қайтадан көктем келеді. Қайта оралған қарлығаштың балапаны шырылдап, құрдасын іздей бастайды.

    — Жылама,— дейді оған кәрі қарағай.— Шөже торғайдың балапаны еңбек етпеді. Сөйтіп, аштан өлді. Еңбексіз тіршілік жоқ. Соны біліп қой.

Подсказка

Оқыңыз, қызық!
Это интересно!

© 2013, «Онлайн курс казахского языка»

Все права защищены. Любое использование материалов сайта допускается только при письменном разрешении редактора.

Сделано в Web Art Promotion