Аудиосказки

  • audioandfilm/838653_1434953499.mp3

    Үш дос немесе аққу, шаян, шортан

    Ніл дариясындағы пәлен мың жасаған бір жайын Сүлеймен пайғамбардың ат  басындай гауһарын жұтқан екен. Сол жайынға бір кездерде ажал уақыты жетіпті. Ол өте есті жайын екен, мендегі гауһар кісі ақысы еді, соны ақыретке арқаламай беріп кетуім керек. Ол үшін қайранға шығып өлейін. Бір кездерде жемтік арасындағы гауһарды  бір адам көріп алар. Адам алса мен борышымнан құтылғаным ғой деп ұйғарады. Сонымен жайын жағадағы қайранға шығып қаза табады. Бірнеше жыл ішінде оның жемтігін алдымен құс жеп тауысады. Жеуге келмейтін тек қана гауһар тас қалады. Бұл гауһардың жартысы су ішінде, жартысы бетінде көрініп жатыр. Су ішіндегі  жарымын шортан мен шаян көреді. Су бетіндегі жартысын мойны ұзын аққу көреді. Бұлардың әрқайсысы да оны өздері алмақ болып қызығады.


    Шортан ойлайды: «Шіркін-ай, бұл тереңірек жерде болса  су астында шам жанғандай жарық болар еді де, көзім бұдан да жақсы көрер еді. Соның арқасында тамағым тіпті тоқ болар еді. Жемді қиядан көрер едім», – дейді.


    Шаян өзінше пайдасын малданады. Ол: «Осы гауһар судан шығып тұрмай, жер астына қарай түссе, жер ішінде де сәуле болар еді. Менің балшық арасындағы балаларыма үлкен пайдасы тиер еді. Өзім де ұядан адаспай, тап басып отырар едім», – деп арман қылады.


    Аққудың ойы бұлардан басқаша:

    – Гауһар менің арқамда не мойнымда болса, сұлулығым бұдан да артар еді. Көл бетінің, көк жүзінің күні мен болар едім. Шынында бұл гауһар маған ғана лайық, маған ғана жарасады, – деп сеніп, гауһарды алайын деп келсе, шортан мен шаян да келіп, өзді-өзі алмақ болып керілдесіп жатыр екен. Аққу оларға:

    – Сендер босқа арам тер болмаңдар, гауһарды мен аламын, ол маған ғана лайық, – дейді.

    Олар оған көнбейді. Үшеуі жақ болып жаңжалдасады. Ақырында олар:

    – Осы қазына үшеумізге де жетеді. Бірлесіп бөліп алайық, пайдасы бәрімізге ортақ болсын, – деген тұжырымға келеді. Сонымен үш дос бірлесіп алатын болып, гауһарға жегіліп тартады.


    Ә деп тартқанда аққу көкке қарай, шортан су түбіне қарай, шаян балшық арасына қарай үш тарап болып, үш жаққа тартады. Бірақ гауһар орнынан қозғалмайды. Осы ретпен, осы үшеуі көп уақыт үлкен машақат көреді. Не істесе де жүкті қозғай алмайды. Ақыр соңында олар ала алмай қояды. Себебін өздері де білмейді.

    «Бірліксіз іс – бос, жұмсалған күш» болып қала береді.

  • audioandfilm/549058_1434953534.mp3

    Құмырсқаның қанағаты

    Ертеде бір данышпан кісі болыпты. Ол кісі жан-жануарлардың, құрт-құмырсқаның тілін біледі екен.

    Бір күні әлгі данышпан жолаушылап келе жатыпты. Жарты жолға келгенде ат шалдырып, дем алып отырса, кішкентай бір құмырсқаның дән тасып жүргенін көреді. Оны жерден көтеріп алады да, алақанына салып тұрып:

    – Қане, құмырсқа, айтшы, дәнді қайда алып барасың? – деп сұрайды.

    – Илеуіме апарамын, – дейді құмырсқа. Адам сұрайды:

    – Оны қайтесің?

    – Кейінге сақтаймын, – дейді құмырсқа. Адам:

    – Көп жинайсың ба? – деп сұрайды.

    Құмырсқа өз шаруасының жайын былайша баяндайды:

    – Жаздай жұмыс істеп, жейтін азығымды жинаймын да, қыстыгүні қаннен қаперсіз тынығып жатамын.

    Данышпан құмырсқаны шыр айналдыра қарай бастады:

    – Басың неге үлкен?

    – Аз сөйлеп, көп ойлаймын.

    – Белің неге қылдырықтай?

    – Қомағай емеспін.

    – Жылына қанша дән жейсің?

    – Бір дән жеймін...

    – Соған қанағат етесің бе?

    – Одан көп жей берсем, жер бетіндегі басқа құмырсқалар аш қалмай ма? Қанағат керек қой!

    Құмырсқаның ақылына, қанағатына, көрегендігіне сүйсінген данышпан оны сынап көрмек болады. Қорапқа бір дән салады да, құмырсқаны соған қоса қамайды. Сонан соң су тимейтін бір жайлы жерге орналастырады.

    – Бір жылдан кейін келемін. Дәнің бар жейтін, қамсыз жата бер, – дейді данышпан құмырсқаға ескертіп. Осылайша құмырсқаның азықты қалай үнемдейтінін білгісі келеді.

    Бір жыл өткен соң данышпан әлгі құмырсқаға қайта оралады. Өзі қойып кеткен жерден қорапты тауып алады. Құмырсқаның өлі-тірісін білмек болып, қорапты ашады. Қараса, құмырсқа тірі екен. Қасына қалдырған жалғыз дәннің жартысын ғана жепті. Бұған таңданған данышпан:

    – Ей, құмырсқа, – депті мұның себебін білмек ниетпен. – Сен жылына бір дән жеймін деп едің ғой. Мына дәнді неге түгел жемей, жартысын қалдырғансың? Не себептен сонша үнемдедің?

    Сонда құмырсқа былай депті:

    – Айтқаның дұрыс, мен жылына бір дән жеймін, ол рас. Ал сен болсаң мені қорапқа салып, қамап кеттің. Сыртқа шыға алмаймын. Егер сен мені бұл қамаудан босатуды ұмытып кетсең, тағы да бір жыл қамауда жататын едім. Бір дәнді түгел жеп қойсам, аштан өлетін едім. Соны ойлап, қанағат еттім.

    Данышпан құмырсқаның шыдамдылығы мен тастай берік қанағатына қайран қалыпты. Оны қамап кеткенінің қиянат болғанын, азапқа салғанын енді түсініп:

    – Менің істеген ісім дұрыс болмапты, кешір! – депті де, құмырсқаны қамаудан босатып жіберген екен.

    Содан кейін данышпан қанағаттың қасиетін адам баласы үйретіпті.

  • audioandfilm/689251_1434953576.mp3

    Өнеге

    Бұрынғы заманда бір үлкен шахар бар екен. Бұл шахардың ханы болыпты. Ол күнде жаман киініп, жәй кісі болып, шахарды, базарды аралап жүреді екен. Күндердің бір күні хан базарды аралап келе жатып, басына бір кесек алтын, аяғына бір кесек алтын қойып жатқан бір адамды көреді. Мұны көріп, хан таң қалып, неше күндей мұны сыртынан бағып жүреді. Бұл адам ерте де, кеште де бір қалыпта басына, аяғына бір-бір кесек алтын қойып жатады. Ақырында, бір күні хан:

    – Сен не қылған адамсың? – деп, сұрайды. Ол адам басын көтеріп:

    – Мен ақыл сатушымын, – дейді.

    – Олай болса, маған бір ақыл сатшы, – дейді патша.

    Сонда ол адам:

    – Құп болады, бірақ әр ақылымның бағасы мың алтын, – дейді.

    Хан санап, мың алтын береді.


    Сонда ақыл сатушы:

    –  «Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң, қор боласың!»– дейді.

    Мұнан соң хан ордасына келіп, баяғы сөзді әрбір көзге түсетін жерлерге, орамал-дастарханға дейін жазып қояды. Күндерде бір күн хан шашын алғызатын болып: «Шаштараз алып кел!», – деп, бас уәзірге әмір қылады. Уәзір дереу бір шаштаразға барып: «Ертең келіп, ханның шашын ал!», – деп бұйырады. Ертең ерте шаштараз ханның ордасына келе жатса, алдынан уәзір шығады. Уәзір:

    – Ей, шаштараз, ханның шашын қандай ұстарамен алмақшы едің? – дейді.


    Шаштараз:

    – Ай, тақсыр, күндегі ұстап жүрген жәй ұстарамен аламындағы. Жақсы ұстараны мен байғұс қайдан табамын? – дейді.


    Сонда уәзір:

    – Ей, ақымақ! Ханның шашын жәй ұстарамен алуға болмайды. Мә, мынау ұстарамен ал, – деп, қалтасынан шығарып, бір алтын сапты ұстара береді.

    Шаштараз қуанып, ханның құзырына келіп, шашын жібіте бастайды. Сол уақытта шаштараз: «Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң, қор боларсың!» – деп, әр жерге жазылған сөздерді көреді де, ішінен: «Қой, уәзірдің ұстарасын қояйын, өзімнің үйренген жаман ұстараммен-ақ ханның шашын алайын» – деп, уәзірдің алтын сапты ұстарасын былай қойып, өзінің ағаш сапты ұстарасымен ала бастайды. Мұны көріп, хан ішінен: «Бұл ақымақ алтын сапты ұстарасын менің шашымды алуға аяды ғой! Онымен менен артық кімнің шашын алады. Тоқтай тұр, мен саған көрсетейін!» – деп шашын алғызып болған соң, хан:

    – Дереу жендетті шақырып келіңдер, мен бұл шаштараздың басын аламын! – деп, кісілеріне әмір қылады.


    Шаштараз мұны естіп, неге қылмысты болғанын білмей, қайран қалып тұр еді; жендет келген соң, бейшара шаштараз ханның аяғына жығылып:

    – Ей, тақсыр, менің басымды алсаңыз да ықтияр, бірақ менің кінәмды айтып алсаңыз екен! – дейді.

    Хан:

    – Сен басында менің шашымды алтын сапты ұстарамен алмақшы болып, ақырында, оны менен аяп, ағаш сапты жай ұстарамен алып, мені қорладың. Сенің кінәң осы, – дейді.

    Сонда шаштараз:

    – Ойбай-ау жаңа сіздің шашыңызды алуға ордаға келе жатқанымда, алдымнан бас уәзіріңіз шығып: «Ханның шашын алуға мына ұстара лайық», – деп, осы алтын сапты ұстараны беріп еді. Мен сіздің шашыңызды жібітіп жатып, әр жерде жазылған «Не істесең де ойлап істе, ойламай іс қылсаң, қор боларсың», – деген сөздерді көріп: «Бұл уәзір берген ұстараның қандай екенін білмеймін, ханға бір зиян келтіріп жүрмейін жаман да болса үйренген өзімнің ұстараммен алайын», – деп, ойладым. Шашыңызды ағаш ұстарамен алғанымның себебі осы еді, – дейді.

    Сонан соң хан жасауылдарын жіберіп бас уәзірін шақырып алдырып:

    – Мынау ұстараны шаштаразға сен бердің бе? – деп сұрайды.

    Уәзір:

    – Мен бердім, –  дейді.

    – Олай болса, бұл ұстарамен уәзірдің шашын ал, – деп, хан шаштаразға бұйырады.


    Шаштараз уәзірдің шашын жібітіп, алтын ұстарамен бір сыйпағанда, уәзірдің жаны шығып кетеді. Сөйтсе, бұл уәзір ханға қас екен, соны өлтірмекші болып, ұстарасын зәрге суарған екен. Мұны көріп, хан шаштаразға дән риза болады, көп алтын, күміс сыйлық беріп, үйіне қайтарады.

  • audioandfilm/385318_1434953613.mp3

    Қарға баласын «аппағым» дер, кірпі баласын «жұмсағым» дер

    Баяғыда, Сүлеймен деген патша кірпі мен қарғаға былай деп бұйрық береді: - Сен, қарға, бір күнде жер дүниені аралап, бір жақсы сайрайтын құс тап. Ол құсты менің бас жағыма әкеп отырғыз. Таң атқанда ол құс мені сайраған даусымен оятсын. Ал, сен, кірпі, барып жердің жүзін тінтіп, бір жұмсақ нәрсе тап. Ол нәрсені әкеліп дәл менің жастығымның үстіне, бетіме тақау қой. Құстың сайрағанымен оянған кезімде, бетім сол жұмсақ нәрсеге тисін! Қарға дамыл таппай, көп жерді аралап, көп құстың сайрағаны  ұнамайды. Мұның ойлауынша бұлбұл және басқа құстар жаман сайрайтын болып көрінеді. Даусы жақсы құс таба алмай, қарға сорлы қайғырады. «Енді маған өлім келді ғой!»—деп, таң мезгілінде шаршап-шалдыққан қарға ұясына қайтады. Анасын көрген соң балапандары қарқылдай бастайды. Бұлардың қарқылдағаны қарғаға сондай әдемі, сондай нәзік көрінеді. Бұлардың қасында бұлбұл және басқа құстар әлдеқайда жаман сайрайтын боп көрінеді. қарға қуанып, балапандарын Сүлейменге әкеліп, бас жағынан ұя салып, соған отырғызады.

    Кірпі де дамыл таппай, жердің жүзін кезіп, жұмсақ нәрсе іздейді, бірақ еш жерден таба алмайды. Бұл да жалығып, арып-ашып үңгіріне қайтып келеді. Анасын көрген соң, балалары алдынан шығып, құшақтайды. Кірпі де құшақтайды. Кірпіге балаларының денесі сондай жұмсақ боп сезіледі. Сонда ол жер бетінде менің балаларымнан жұмсақ еш нәрсе болмас деп ойлайды да, балаларын Сүлейменнің сарайына алып барып, жастығының үстіне жатқызып қояды.

    Таң атады. Қарғаның балапандары қарқылдай бастайды. Сүлеймен оянып, оларға қарай бергенде, мұның бетіне кірпі балаларының түрпі тікендері қадала кетеді. Қараса, қарғаның балапандары мен кірпінің балалары екен.

    Сүлеймен ашуланып, қарға мен кірпіні шақыртып алып, жендеттеріне бұлардың басын кесуге бұйырады. Жазалы болған қарға мен кірпі:

    — Дат, тақсыр!.. — дейді.                                                       
    Сүлеймен:
    — Айт датыңды! — дейді.                                                          

    Жазалы екеуі өздері істеген істің бәрін бастан-аяқ баян етеді. Сонан соң Сүлеймен:
    — Әркімге өзінің баласынан артық көретіні жоқ екен ғой.

    Баласы өзіне балдан тәтті, оттан ыстық, күннен жарық, мамықтан да жұмсақ екен ғой, — деп қарға мен кірпіні жазадан босатып  жіберіпті.

  • audioandfilm/553987_1434953651.mp3

    Пілдің ісі тышқанға түсіпті

    Бұрынғы заманда асқар таулы, нулы орманды өңірде піл мен тышқан көрші әрі тату-тәтті дос болып өтіпті. Бірақ достықтары көп ұзамай бұзыла бастапты. Піл өзінің алып тұлғасына қарап, кішкентай тышқанды менсінбейтін болыпты, тіпті онымен бірге жүруді ар көріпті. Пілдің бұл ниетін білген тышқан «Орайын тауып сазайыңды бір тарттырамын» деп әбден тісін басады. Піл мен тышқан осындай күрең қабақтасып жүргенде, арыстан қызын ұзататын болып, пілді тойға шақырыпты. Піл тойға аттанғанда тышқан да ере жүреді. Бойын қызғаныш кернеген піл оған тап-тап беріп қуалайды.


    Арбаңдап жүрген пілдің абайсыздығында тышқан оның құлаштай ұзын танауына «сып» етіп кіріп кетеді. Танауға кірген ол тыныш жатсын ба, арлы-берлі жүгіріп оның мазасын әбден алады. «Шық» деп зекиді піл.

    Тышқан ерегесе түсіп, бұрынғыдан әрмен жыбырлата тырналайды. Ақыры піл:

    – Ағатай-ай! Ағатай! Танауымнан шықсаң, тату-тәтті өтейік, айтқаныңа көнейін – деп жалыныпты.

    Сонда ғана тышқан пілдің танауынан шығып, сып етіп ініне кіріп кетеді. «Пілдің ісі тышқанға түсіпті» деген тәмсіл осыдан қалса керек.

    Піл осыдан бастап тышқанның інін көрсе, оның аузын табанымен басып тұрып алатын болған екен.
    Пілдің осы ерекшелігіне қанық адамдар асау пілді үйреткенде алдымен жерге төрт қазық қағып, оны суырып алады екен де, асау пілді сол араға әкеліп байлайтын көрінеді.

    Піл қазықтың орынын тышқанның іні деп табанымен басып тұрғанда адам оған жүгін артып алады екен дейді.

© 2013, «Онлайн курс казахского языка»

Все права защищены. Любое использование материалов сайта допускается только при письменном разрешении редактора.

Сделано в Web Art Promotion